Әлеуметтік желілерде блогерлер тарапынан «Атырау ЖЭО» ЖШС аумағында қалдықтардың заңсыз орналастырылғаны туралы жарияланған ақпаратқа байланысты төмендегіні хабарлаймыз.
Бейнематериалдарда Атырау ЖЭО өндірістік алаңының аумағы, атап айтқанда су тұндырғыштары мен технологиялық шөгіндіні уақытша жинақтау учаскесі көрсетілген.
«Атырау ЖЭО» ЖШС хабарлауынша, су тұндырғыш орналасқан жер учаскесі Атырау қаласы әкімдігінің шешімімен осы нысанды салу және пайдалану үшін кәсіпорынға жалға берілген. Жер учаскесін пайдалану құқығы және оның мақсатты арналуы 2021 жылғы 28 қаңтардағы №243 әкім қаулысымен және 2028 жылғы 06 наурызға дейінгі мерзімге берілген №0154201 уақытша өтеулі жер пайдалану актісімен, кадастрлық нөмірі 04-066-039-058 арқылы расталады.
Аумағы 7,1705 га жер учаскесі су тұндырғышты орналастыруға арналған. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан белгіленген тәртіппен пайдалануға берілді, бұл 2024 жылғы 02 ақпандағы қабылдау актісімен расталады. Осылайша, жер учаскесі мен су тұндырғыш кәсіпорын тарапынан нысаналы мақсатына және қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес пайдаланылады.
Су тұндырғыш құрылысы қала тұрғындары үшін экологиялық жағдайды жақсартуға және өндірістік процестердің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Нысанның негізгі мақсаты — станцияның технологиялық процестерінде қолданылатын суды қосымша тұндыру және тазарту кезеңінен өткізу арқылы әк шөгіндісін тиімді бөлу.
Аталған нысанның жұмысы ұйымдастырылған және бақыланатын процесті қамтамасыз етеді, ал түзілетін шөгіндінің жинақталуы оның қоршаған ортаға таралуына жол бермейді және кәсіпорынның өндірістік процестерінің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
АТЭЦ-те қазандықтарды қоректендіруге арналған суды дайындау барысында қышқыл суларды бейтараптандыру және алдын ала тазарту үшін құрылыс әгі қолданылады. Технологиялық процесс нәтижесінде әк шөгіндісі (кальций гидроксиді және ілеспе қосылыстар) түзіліп, тұндырылғаннан кейін судан бөлінеді.
Бейтараптандырылған және тазартылған су әрі қарай тазарту жүйесіне жіберіліп, технологиялық мақсатта пайдаланылады. Түзілетін шөгінді IV қауіптілік класына жатады (қауіптілігі төмен қалдықтар).
Тұндырылғаннан кейінгі шөгінді АТЭЦ өндірістік аумағындағы химиялық су тазарту тұндырғыштарының маңында уақытша сақталады. Физикалық-химиялық қасиеттерін ескере отырып, бұл материал қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Кейіннен шөгінді қалдықтарды шығару және кәдеге жарату (өңдеу) бойынша жасалған шартқа сәйкес мамандандырылған «ЭКО ПромKZ» ЖШС ұйымына беріледі.
Түзілетін әктің бір бөлігі кәсіпорынның шаруашылық қызметінде санитарлық-қорғау аймағындағы сортаң топырақ учаскелерін бейтараптандыру үшін қолданылады. Бұл топырақтың физикалық-химиялық қасиеттерін жақсарту және кейіннен жасыл желек отырғызуға арналған аумақты дайындау мақсатында жүзеге асырылады. Аталған іс-шаралар топырақ жағдайын жақсартуға және санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыруға бағытталған.
Қалдықтың бұл түріне (сөндірілген әк) заңнамада белгіленген тәртіппен қалдық паспорты рәсімделген. Қалдықтардың түзілуі мен қозғалысы өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде есепке алынады. Сонымен қатар, кәсіпорында 2034 жылға дейінгі Қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленіп, қолданысқа енгізілген. Бағдарламада қалдықтарды жинақтау, есепке алу, беру және олардың түзілуін азайту тәртібі қарастырылған.
Сөндірілген әк (кальций гидроксиді) — физикалық-химиялық сипаттамалары ашық қолжетімді кеңінен қолданылатын зат. Бұл қосылыс құрылыс саласында, су дайындауда, ауыл шаруашылығында және коммуналдық шаруашылықта пайдаланылады.
Сонымен қатар, әк тұрмыстық және шаруашылық қызметте, оның ішінде ғимараттарды, құрылыстарды және ағаштарды әктеу барысында кеңінен қолданылады. Бұл оны пайдалану талаптары сақталған жағдайда қауіпсіз әрі кең таралған материал екенін растайды.
Су дайындау технологиялық процесі нәтижесінде түзілетін әк шөгіндісі өзінің құрамы бойынша негізінен кальций гидроксиді мен кальций карбонатынан тұратын минералды материал болып табылады. Осы қасиеттерін ескере отырып, аталған материалды шаруашылық қызметте, соның ішінде қышқыл және сортаң топырақтарды бейтараптандыру үшін қайта пайдалануға болады.
Химиялық су тазарту тұндырғыштары станцияның технологиялық сызбасының штаттық құрылыстары болып табылады және жобалық құжаттама мен қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес пайдаланылады.
Блогер жариялаған «шлам таулары», «бақылаусыз жинақтау» және «экологиялық заңнаманы бұзу» туралы ақпарат нақты жағдайларға сәйкес келмейді және «АТЭЦ» ЖШС тарапынан экологиялық құқық бұзушылық орын алғаны туралы бұрмаланған түсінік қалыптастырады.
Осыған байланысты мынадай орынды сұрақтар туындайды:
Егер дәлелдер бар болса, жарияланған мәлімдемелерді растайтын ақпарат ұсынылуы тиіс.
Алайда бұл жағдайда блогердің аудиториямен «күн тәртібіндегі» бақылауын бөлісуге деген ұмтылысы өз тұжырымдарының дұрыстығын тексеруге, сондай-ақ ҚР «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңының талаптарын, соның ішінде 17-бапта көзделген блогер ретіндегі міндеттерін — аудиторияға теріс әсер етпеу және жалған ақпарат таратпау мақсатында жарияланатын материалдардың шынайылығын тексеру қажеттігін ескеруге мүмкіндік бермегені анық.
«Атырау ЖЭО» ЖШС Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарын сақтай отырып өндірістік қызметін жүзеге асырады, өндірістік экологиялық бақылауды қамтамасыз етеді және қалдықтармен жұмыс істеу бойынша белгіленген есепті жүргізеді.